Алматы қаласындағы №209 мектеп-гимназияның ауласында табиғатты аялау, салауатты дағдыларды қалыптастыру және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін насихаттауға бағытталған экологиялық іс-шара өтті.
Бастама Алматы қаласы Білім басқармасының, Әдістемелік орталығының (ҚББЖТҒӘО) және «Нестле Фуд Қазақстан» ЖШС-нің қолдауымен «Салауатты тамақтану мектебі» білім беру бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.
Аталған бағдарлама аясында ұйымдастырылған «Өз бағыңды өсір» байқауында №209 мектеп-гимназияның оқушылары жеңімпаз атанып, сыйлық ретінде 50 түп ағаш көшетіне ие болды. Енді оқушылар бұл көшеттерді мектеп ауласына отырғызып, өз жеңістерін қоршаған ортаға пайдасын тигізетін игі іске ұластырады. Уақыт өте келе бұл бастама жасыл желекке айналып, келешек ұрпаққа да қызмет етпек.
Экофестиваль барысында қатысушылар ағаш көшеттерін отырғызып қана қоймай, тұтынуға саналы көзқарас таныту, қалдықтарды бөлек жинау және қайта өңдеу қағидаларымен де танысты. Практикалық тапсырмалар мен экологиялық бағыттағы танымдық іс-шаралар оқушыларға күнделікті өмірдегі қарапайым әдеттердің табиғатты қорғауға қалай ықпал ететінін іс жүзінде ұғынуға мүмкіндік берді.
Іс-шараға ҚББЖТҒӘО атынан Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру бөлімінің жетекшісі Роза Акмаганбетова, Оқу-әдістемелік басылымдар бөлімінің жетекшісі Татьяна Ежова, сондай-ақ Nestlé компаниясының Еуразия өңіріндегі корпоративтік мәселелер және коммуникациялар жөніндегі менеджері Надежда Лабодовская қатысты. Қонақтар оқушыларды жеңістерімен құттықтап, экологиялық бастамаларына сәттілік тіледі.
«Экологиялық мәдениет күнделікті өмірдегі қарапайым әдеттерден және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудан басталады. Мұндай бастамалар балаларға, жасөспірімдерге және олардың ата-аналарына қалдықтарды дұрыс пайдалану, ысырапқа жол бермеу қағидаларын тереңірек түсінуге әрі экологиялық жобаларға белсенді қатысуға көмектеседі. Экологиялық мәдениет пен тұтынуға саналы көзқарас, ең алдымен, осындай тәжірибелік жұмыстар арқылы қалыптасады», – деп атап өтті Татьяна Ежова.
«Біз балалардың салауатты әрі жауапты болашақтың негізіне айналатын пайдалы әдеттерді қалыптастыруына қолдау көрсетуге ұмтыламыз. Қоршаған ортаға қамқорлық жасау қарапайым әрекеттерден басталады. Балалардың бұл туралы айтып қана қоймай, өз қолдарымен ағаш отырғызып, еңбегінің нәтижесін көргені және табиғатты қорғауға әр адамның үлес қоса алатынын түсінгені маңызды», – деді Надежда Лабодовская.
№209 мектеп-гимназияның директоры Гүлшат Молдабаева байқаудың оқушылар үшін нағыз командалық жобаға айналғанын атап өтті.
«Балалар плакаттың идеясын бірлесіп ойластырып, сурет салып, байқау қорытындысын асыға күтті. Енді олардың еңбегі мектеп ауласындағы баққа айналды. Бұл бақтың игілігін мектептің кейінгі буын оқушылары да көреді. Бірнеше жылдан кейін балаларымыз мақтанышпен: «Бұл бақты біз отырғыздық!» – деп айта алатынына сенімдімін», – деді мектеп директоры.
Экофестиваль бизнес өкілдерінің, білім беру ұйымдарының және қоғамдық бастамалардың күш біріктіруі экологиялық жауапкершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеуге ықпал ететінін көрсеткен тағылымды шара болды. Балалардың табиғатқа жанашырлықпен қарауын қалыптастырып, тұтыну мәдениетін дамытуға және Қазақстанның тұрақты болашағын қалыптастыруға мұндай жобаның ықпалы зор.