Алматы қаласы Білім басқармасының
шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қалалық білім берудегі жаңа
технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы»
мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны
Басты бет / Жаңалықтар / Балшық – балалық шақтың тілі
Балшық – балалық шақтың тілі
20-10-2026
Алматыда мектепке дейінгі ұйым педагогтері қыш шеберханасы арқылы балалардың танымдық қабілеттерін дамыту мәселесін талқылады
2026 жылғы 16 қазанда Алматы қаласының Бостандық ауданындағы «Sana properties» ЖШС-не қарасты «Зердеш-3» бөбекжайында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналған қалалық семинар өтті. Іс-шараны бөбекжай меңгерушісі Бекзат Нысанбаева ұйымдастырды.
Өнер мен педагогиканы тоғыстырған басқосу барысында қыш өнерінің бала тәрбиесіндегі маңызы сөз болды. Семинар балшықпен жұмыс істеудің балаларға қоршаған ортаны танып-білуге, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға, бастамашылдығын арттыруға және еңбекке баулудың алғашқы дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік беретінін көрсетті.
Семинарға қалалық мектепке дейінгі білім беру ресурстық орталығының әдіскері Ақбота Мұстафаева, Бостандық ауданының білім бөлімінің бас маманы Ансаған Дәулетқызы, аудандық әдістемелік бірлестіктің мүшелері, әдіскерлер мен балабақша тәрбиешілері қатысты.
Кездесудің мақсаты – қыш өнерінің балалардың танымдық қабілеттерін дамытудағы мүмкіндіктерін ашу, олардың шығармашылық әлеуетін қолдау және педагогтер арасында тәжірибе алмасуға қолайлы орта қалыптастыру.
Семинар бағдарламасы мазмұнды әрі тәжірибеге бағытталды. Қатысушылар қыш шеберханасының тыныс-тіршілігімен, оның мүмкіндіктерімен танысып, өзара жақынырақ танысуға арналған тренингке қатысты. Сондай-ақ педагогтерге қыш шеберханасының балалар үшін пайдасы мен балшықпен жұмыс істеудің бала дамуына ықпалы туралы мағлұмат берілді.
Практикалық бөлімде «Бәйтерек» ересек тобының тәрбиеленушілері қатысқан «Менің құмырам» атты шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Балалар балшықпен жұмыс істеп, өз қиялдары мен шығармашылық қабілеттерін танытты. Сонымен қатар қаржылық сауаттылықтың алғашқы түсініктерін меңгеріп, адалдыққа, еңбекқорлыққа және түрлі мамандықтарға қызығушылық танытуға бағытталған дағдыларын дамытты.
Практикалық жұмыс аяқталған соң қатысушылар пікір алмасып, семинар тақырыбы бойынша кері байланыс жасады. Мұндай формат балалардың іс-тәжірибесін, педагогтердің әдістемелік байқауларын және кәсіби талқылауды өзара ұштастыруға мүмкіндік берді.
«Зердеш-3» бөбекжайы балалардың жан-жақты дамуына ықпал ететін шығармашылық бастамаларды қолдауды және педагогтердің кәсіби өсуіне үлес қосуды жалғастырады.
Басқа жаңалықтар
28-10-2026
Алматыда француз тілі мұғалімдерінің біліктілігін арттыруға арналған халықаралық бағдарлама басталды
23-10-2026
Алматыда балабақшаларда дамытушы орта қалыптастырудың заманауи тәсілдері таныстырылды
21-10-2026
«Салауатты тамақтану мектебі» жобасы аясында алматылық оқушыларға 50 түп ағаш көшеті сыйға тартылды
15-10-2026
ПРЕСС-РЕЛИЗ
14-10-2026
ПРЕСС-РЕЛИЗ «Табиғат қамқоршысы»: мектепке дейінгі білім беру ұйымында экологиялық мәдениетті қалыптастыру
8 (727) 351-30-37
Алматы қаласы, Медеу ауданы, Қалдаяқов көшесі, 62
© 2026 Алматы қаласы Білім басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны