ПРЕСС-РЕЛИЗ
2026 жылғы 15 қазанда Алматы қаласы Жетісу ауданындағы №17 бөбекжай-балабақшасында «Темір жол – тәртіп пен заңның, әлеуметтік дамудың қозғаушы күші» жобасы аясында мектепке дейінгі ұйым педагогтеріне арналған қалалық семинар өтті.
Семинардың негізгі мақсаты – мектепке дейінгі жастағы балалардың әлеуметтік дағдыларын дамыту, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік ережелерін меңгерту, ойын әрекеті арқылы балалардың өзара қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру және заманауи педагогикалық тәсілдерді тәжірибеге енгізу.
Іс-шараға Қалалық мектепке дейінгі ресурстық орталығының әдіскері Мустафаева Акбота Сайлаубековна, сондай-ақ Жетісу ауданының ерте дамыту мәселелері бойынша мобильді тобының мүшелері мен мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілері қатысты.
Семинар барысында қатысушыларға тақырыптық көрме, фотосуретке түсу алаңы, касса қызметкері және пойызға отырғызу бекеті түрінде ұйымдастырылған танымдық кеңістіктер ұсынылды. Бұл балалардың теміржол көлігі туралы түсініктерін кеңейтіп, қоғамдық орындардағы тәртіп ережелерін тәжірибе жүзінде меңгеруіне мүмкіндік берді.
Бағдарлама аясында «Айгөлек» мектепалды тобының тәрбиешілері Жадыра Турысбекова мен Гаухар Муханова «Темір жол – тәртіп пен заңның, әлеуметтік дамудың қозғаушы күші» тақырыбында тәжірибелік жұмыс ұсынды. Сонымен қатар «Бір-біріңді танып біл» тренингі өткізіліп, педагогтер арасында кәсіби қарым-қатынас пен тәжірибе алмасуға жағдай жасалды.
Шеберлік сыныбында «Ойыннан – әлеуметке» тақырыбы бойынша ойын арқылы балалардың әлеуметтік дағдыларын дамыту жолдары көрсетілді. Педагогтер ойын технологияларын қолдану арқылы балалардың бірлесіп әрекет ету, өзара келісу, жауапкершілік таныту және қоғамдық ортада өзін дұрыс ұстау дағдыларын қалыптастыру тәжірибесімен бөлісті.
Сондай-ақ «Айгөлек» мектепалды тобының ата-анасы Жазира Орынбасарова «Қазіргі заманғы жасанды интеллект» тақырыбында таныстырылым жасап, білім беру үдерісінде цифрлық технологияларды қолдану мүмкіндіктеріне тоқталды.
Семинар соңында қатысушылар арасында талқылау және пікір алмасу ұйымдастырылып, ұсынылған тәжірибелердің мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту үдерісіндегі маңызы қарастырылды.
Қалалық семинар педагогтердің кәсіби тәжірибесін жетілдіруге, заманауи әдістерді тиімді қолдануға және балалардың әлеуметтік құзыреттілігін дамытуға бағытталған тәжірибе алмасу алаңына айналды.